logo

Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

09-07-2025 Image for Беймәлім батырлар: біз жүретін таза жолдың иелері кімдер?

Біз таза көшелермен жүріп, қоқыстан ада аулаларды мақтанышпен көрсетеміз. Бірақ сол тазалықтың артында кімнің тұрғанын ұмытып кете береміз. Бір уыс қоқысты жерге тастап, артына қарамайтындарға бұл материал арқылы сол еңбек иелерінің үнін жеткізгіміз келеді. Таң қылаң бере көше сыпырып жүрген беймәлім жандардың еңбегі орасан. Қоқыстың ортасында жүріп, тазалықты ту еткен көше сыпырушылар мен арнайы техниканы басқаратын жүргізушілерді  El.kz интернет порталының тілшісі сөзге тартты.

Адал еңбек иесі

«Астана Тазалық» кәсіпорны – тек көше тазалап,  қоқыс шығарып қана қоймай, қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға, тұрақты даму мен қаланың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмыс істеп келе жатқан мекеме.

Осы кәсіпорында жұмыс істеп Астана көшелерін тазалап жүрген жұмысшылардың еңбегін көзбен көру үшін таңмен таласа діттеген жерге біз де келдік. Көше тазалайтын жұмысшылардың бригадирі Ғайни Есмағанбетова – осы салада 24 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маман. Ол 2000 жылы жұмысына кіріскеннен бері, тазалықты қамтамасыз етуде үлкен жауапкершілікті арқалап келеді.

Мен осы салада жұмыс істегеніме біраз жыл болды. Қазір бригадир болып қызмет атқарамын. Жұмысқа таңғы сағат 4:30-да келеміз де, сағат 6:00-де жұмыс басталады. Түскі үзіліске сағат 10:00-де шығамыз. Жұмысшылардың көбі ауылдан, әр аудандардан да келеді. Бізге киім-кешек пен құрал-жабдықтар толықтай берілген. Әркім уақтылы жұмысқа дайын тұрады, – дейді Ғайни Есмағанбетова.

Ғайни апайдың айтуынша, олардың бригадалары Сарыарқа ауданындағы Набережный Рамстордан бастап, Есіл жағалауы, сондай-ақ Атырау көпірінен Сейфуллин көшесіне дейінгі аралықтағы көшелерді тазалайды.

Жұмыста қиыншылықтар болады, бірақ біз оларды жеңіп келеміз. Ең қиыны ауа райының қолайсыздығы, әсіресе қысқы суықтар. Қыста қарды күреп, автобус аялдамаларын ашу – бірінші кезектегі міндеттеріміз. Ал жазда негізінен қоқысты жинаумен айналысамыз. Бірақ қандай жағдай болмасын, қызметімізді адал атқарамыз, – деді.

Астана тұрғындарының тазалыққа деген мәдениеті де жылдан жылға жақсарып келе жатыр деп есептейді Ғайни Есмағанбетова.

Қазір адамдардың көбі бізге алғыс айтып, ризашылық білдіреді. Әрине, кейбіреулер қоқыстарын дұрыс тастамайды, бірақ жалпы мәдениет өсіп келеді, – дейді ол.

Жұмыс барысында денсаулыққа әсері болса да, қызметкерлер өздерін күтеді, ай сайын медициналық тексеруден өтеді деп отыр. Сондай-ақ белгілі бір жеңілдіктер де қарастырылған.

Жиырма төрт жыл бойы осы салада еңбек еттім. Астана тазалығын сақтауға өз үлесімді қостым деп ойлаймын. Қаланың көркеюі мен тазалығы – біздің тікелей міндетіміз, – дейді Ғайни апай.

Отбасы туралы айтар болсақ, үш баласы, немерелері бар. Жолдасы да осы салада еңбек еткен және бірге ұзақ жылдар қызмет атқарған. Екеуі де қазір зейнеткерлік демалыста. Десе де, Ғайни апай жұмысын әлі де жалғастыру үстінде.

Бұл жұмыс маған тек табыс көзі емес, сонымен қатар өмір салты. Астанамыздың тазалығына қызмет етіп, қаламыздың көркіне үлес қосып жатқаныма қуаныштымын, – деді Ғайни Есмағанбетова.

Астана қаласының көшелері күн сайын таза болып көрінуі – олардың еңбегі мен төзімділігінің арқасы. Біз көше сыпырушыларымен сөйлесіп, олардың өмірі мен жұмысы жайлы әңгімелестік.

Қала тазалығын қамтамасыз еткен қайсар әйел

Гүлнәр Ильясова «Астана Тазалықта» 15 жылдан бері жұмыс істейді. Ол өз қызметін жақсы көреді және таңертеңгі жұмыс кестесіне үйреніп қалғанын айтты.

Қар тазалау маған ең ұнайтын жұмыс. Қиын емес, керісінше денсаулыққа пайдалы, – дейді ол.

Гүлнәр лесозавод ауданынан келеді, әр таң сағат үште тұрып, жұмысқа дайындалады. Жұмыс барысында денсаулығына кейде ауырлық түседі, бірақ еңбегін сыйлайтын әріптестері мен басшыларына ризашылығын білдірді.

«Біздің еңбегіміз бағаланады, алғыс хаттар мен сыйақы аламыз. Қыста тегін тамақ беріледі, мерекелерде концерттерге шақырады», – деп бөлісті Гүлнәр.

Адамдарға көше тазалығын сақтау туралы кеңес беріп, ол көшеде қоқыс тастауды доғаруды және әркім өзінің қоқысын арнайы орындарға салуын ұсынады.

Астананың тазалығы үшін ауылдан келеді

Айнагүл Хауай Нұр Есіл ауылында тұрады және 2013 жылдан бері Астанада көше сыпырушы болып жұмыс істейді. Ол таңертең сағат төртте ауылдан шығып, жұмыс орнына жетеді. Алтыда жұмысқа кірісіп, кешке дейін тазалықты қамтамасыз етеді.

«Бұл жұмыс қиын болғанымен, біз үйреніп кеттік. Көшені таза ұстау – біздің міндетіміз. Қоқысты жинап, тазалау арқылы біз қалаға қызмет етеміз. Бұл біздің адал еңбегіміз», – дейді Айнагүл.

Ол он үш жыл ішінде тұрғындардың мәдениеті жақсарғанын, қазір көп адамдар көшедегі тазалықты сақтауға тырысатынын атап өтті. Кейде тұрғындар көмек көрсетіп, алғыс айтатынын да қуанышпен бөлісті.

Айнагүлдің айтуынша, қыста жұмыс ауырлайды, әсіресе әйел адамдарға қиын. Дегенмен, ол денсаулығы үшін уайымдамайтынын және жұмысты жақсы көретінін жеткізді.

Жұмыстың ең жақсы тұсы – таңертең ерте тұру. Денсаулыққа пайдалы, әрі адал еңбек, – дейді ол.

Отбасында Айнагүлдің екі баласы және бес немересі бар. Алдағы уақытта зейнетке шыққанша осы жұмысты жалғастыру жоспары бар.

Екі сыпырушы да өз еңбектерін мақтан тұтады және қала тазалығы үшін аянбай тер төгіп келеді. Олар жұмыс барысында кездесетін қиындықтарға қарамастан, өз міндеттерін адал атқаруда.

Тазалық – бұл біздің ортақ міндетіміз. Әркім өз мусорын дұрыс жерге тастаса, қала таза болады, – дейді Айнагүл.

Гүлнәр да мәдениеттің қалыптасқанын, қазір тұрғындардың көпшілігі тазалықты сақтауға ұмтылатынын айтты.

Механика мен маңдай тер үндескен жұмыс

Астана – көркейіп келе жатқан заманауи мегаполис. Ал бұл қаланың тазалығы қарапайым, бірақ еңбегі орасан жандардың күн сайынғы тынымсыз жұмысының жемісі. Бұл іске таң сәріден бастап атсалысатын жандардың бірі – арнайы техника жүргізушісі Сәкен Төртбаев. Ол «Астана Тазалық» кәсіпорнында еңбек етіп, өз міндетін асқан жауапкершілікпен атқарып келеді.

Сәкен Төртбаев – көпбалалы әке. Алты баланың әкесі. Үлкен ұлын үйлендіріп, енді кішкентайларын оқытып отыр. Қарапайым еңбек адамы. Ол таңғы жетіден бастап жұмысқа кіріседі.

Ең алдымен денсаулығын тексеріп, дәрігердің рұқсатын алған соң, техниканың жай-күйін қарап, жол парағын рәсімдейді. Содан кейін ғана арнайы техниканы қыздырып, жұмысқа шығады. Бұл – күн сайын қайталанатын тәртіп.

Машинаның майы мен суын тексеріп, қыздырып, таңғы сегізде базаға шығып кетеміз. Алдымен су толтыратын станцияға барып, техниканы дайындап аламыз. Содан кейін бригадирлер бізге қай көшелерді тазалау керектігін айтып, тапсырма береді. Сол бойынша жұмысымызды атқарамыз, – дейді ол.

Сәкен Төртбаев бүгінде су шашатын мен қар тазалайтын техника сияқты арнайы машиналарды басқарады. Мұндай техникалар – қарапайым көліктерге қарағанда әлдеқайда күрделі. Оларды басқару үшін тек жүргізушілік шеберлік емес, техникалық сауат пен ұқыптылық та қажет. Қыста боран, көктайғақ, жазда аптап ыстық – бәрі де бұл мамандықтың қиындықтары. Алайда Сәкен үшін бұл – үйреншікті жағдай. Қиындықтарға төтеп беруді үйреніп кеткенін айтады.

Жауапкершілік өте жоғары. Техниканы қадағалап, әрбір детальді тексеріп отыру қажет. Қыста жол тайғақ, боранды күндер көп болады. Сондай сәттерде жұмыс істеу қиындай түседі, бірақ бұл біз үшін үйреншікті жағдай. Қандай ауа райы болмасын, қаланың тазалығы үшін жұмыс істеу – біздің міндетіміз. Техника болған соң бұзылып тұрады. Ондайда бізде арнайы жөндеу цехтары бар. Механикке көрсетіп, қажетті бөлшектерді ауыстырып, техниканы тез арада қайта қосамыз, – деді.

Сәкен Төртбаев еңбек жолын Астана көгалдандыру-құрылыс мекемесінде бастаған. Онда сегіз жылдай жұмыс істеп, жаңа бой көтеріп жатқан қаланың көшелеріне ағаш отырғызып, гүл егіп, қаланың көркеюіне үлес қосқан. Қазір де сол миссиясын жалғастырып келеді – тек бағыты өзгерген, енді қала көшелерінің тазалығы мен тәртібі үшін жауапты.

Тазалық – ең басты құндылық. Қала тұрғындарының өмір сапасы мен денсаулығы үшін тазалық ауадай қажет. Соңғы жылдары адамдар да түсіністікпен қарай бастады. Бұрын су шашқанымызға ренжитіндер көп еді, қазір бәрі керісінше – қолдау білдіреді, – дейді арнайы техника жүргізушісі.

Кейіпкеріміздің сөзінше, бұрынғыға қарағанда қазір көпшілігі тазалықтың маңызын жақсы түсінеді. Қоғамда тазалық мәдениеті қалыптасып келеді.

Бұл жұмыс ең алдымен шыдамдылықты қажет етеді. Әсіресе қыс мезгілінде, ауа райы қолайсыз кезде, еңбек қарқыны арта түседі. Алайда ұйымшыл ұжымның қолдауымен барлық қиындықтар еңсеріледі.

Жұмысшыларға белгілі бір әлеуметтік қолдаулар да көрсетіледі. Қысқы маусымда тегін тамақпен қамтамасыз етіледі, медициналық тексеруден өту мүмкіндігі бар. Бұл – олардың денсаулығын сақтау мен еңбекке қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралар.

Ең алдымен, шыдамдылық керек. Қыстағы қиын ауа райына, ұзақ уақыттық жұмысқа төтеп бере білу қажет. Жауапкершілік пен ынта да маңызды. Қыстың күні тегін тамақ беріледі. Медициналық тексерістен тегін өтеміз, қажет жағдайда емделуге де мүмкіндік бар, – дейді Сәкен Төртбаев.

Қызметкерлер мен техникалар: маусымдық айырмашылық

«Астана Тазалық» кәсіпорынның өндірістік техникалық бөлімінің басшысы Ержан Айтмаханұлы қазіргі таңда қала тазалығын қамтамасыз етуде қандай жұмыс атқарылып жатқанын, қандай түйткілдер барын және болашаққа қандай жоспар қойылғанын айтып берді.

Ержан Айтмұханұлы 2019 жылдан бері кәсіпорында еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда өндірістік-техникалық бөлімнің басшысы ретінде тазалықты жүйелі түрде басқару мен жаңғыртуға үлес қосып отыр.