Еңбектің қадірін түсінетін, өз ісіне адал адамдар әрқашан құрметке лайық. Әсіресе теміржол саласында еңбек ету табандылық пен зор жауапкершілікті қажет етеді. Осындай жандардың бірі – 19 жылдық тәжірибесі бар «Нұрлы жол – Шымкент» бағыты бойынша қатынайтын №86 жолаушылар пойызының бастығы Мақпал Алтынбекова. El.kz интернет порталының тілшісі арнайы теміржол вокзалына барып, тәжірибелі маманмен сұхбаттасып қайтты.
Теміржол саласына келуі
Кейіпкеріміз Мақпал Алтынбекова Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қастек ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда ол 36 жаста. Алты ағайындының арасында өскен Мақпал ата-анасының берген тәрбиесін өмірлік ұстанымына айналдырған. Әкесі 2020 жылы өмірден өтсе де, анасы мен бауырлары әрдайым оның жанынан табылып келеді.
Суреттер: Зялимхан Тулеубеков
Қандай жетістікке жетсем де, жанымдағы отбасымның қолдауы маған күш-қуат сыйлайды. Солардың демеуімен бар қиындықты еңсеріп келемін, – дейді ол.
Ауыл мектебін аяқтаған соң, Алматыға келіп, Қонаев университетіне оқуға түседі. Таңдаған мамандығы – «Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану». Жоғары білімді сырттай алып жүріп, еңбекке ерте араласқан. Бұл шешім оның жауапкершілігін арттырып, ересек өмірге араласуына себеп болды.
Теміржол саласында Мақпалдың отбасы, жақындары бұрын-соңды еңбек етіп көрген емес. Дегенмен ол өз күші мен табандылығының арқасында осы салаға бет бұрады.
Суреттер: Зялимхан Тулеубеков
Құрбыларымның теміржол саласын таңдағанын біліп, өзім де осы жолға түстім. Грант иемдене алмаған соң, ақылы оқу үшін қаражат табу қажет болды. Сөйтіп, 18 жасымда оқу мен жұмысты қатар алуға тура келді, – деп еске алады ол.
Жолсеріктен пойыз бастығына дейін
Жеті жыл бойы жолсерік қызметін атқарған ол тәжірибесін шыңдап, пойыз бастығының жұмысына жақыннан қанықты. Сол жылдары теміржол мамандығының қыр-сырын меңгеріп, ең бастысы – адамдармен жұмыс істеуді үйренді.
Осылайша небәрі 23 жасында пойыз бастығы лауазымына тағайындалды. Бұл жас маманға үлкен сенім мен зор жауапкершілік жүктеді.
Суреттер: Зялимхан Тулеубеков
Алғашында қорқыныш та, толқу да болды. Бірақ өзіме артылған сенімді ақтау үшін бар күшімді салдым. Қазір де сол талап пен тиянақтылықты ұстанып келемін, – дейді ол.
Жолаушылар пойызының бастығы – тек әкімшілік қызметкер емес, сапардағы тәртіп пен қауіпсіздіктің кепілі. Мақпалдың айтуынша, ең бастысы – әрбір жолаушының үйіне аман-есен жетуіне жағдай жасалуы тиіс.
Суреттер: Зялимхан Тулеубеков
Жұмысымыздағы басты міндеттердің бірі – тәртіп, қауіпсіздік пен қызмет сапасы. Жолаушы пойызға мінген сәттен бастап, діттеген жеріне жеткенше бізге сенім артады. Сол сенімді ақтау – ең үлкен жауапкершілік, – дейді ол.
Оның қарамағында 26 жолаушылар вагоны мен 2 мейрамхана вагонынан тұратын үлкен пойыз бар. Бригадада 31 жолсерік қызмет етеді, соның 28-і сапарға шығады.
Суреттер: Зялимхан Тулеубеков
Теміржол саласы көбіне ер адамдарға тән деп саналса да, әйелдер де бұл салада табысты еңбек етіп жүр. Мақпал – соның айқын дәлелі.
Әйел адамға бастық болу үшін табандылық пен төзімділік қажет. Адал еңбек пен жауапкершілік әрқашан өз нәтижесін береді, – дейді ол.
Пойыз бастығының сөзінше, әйел мамандар ұқыптылығымен, тиянақтылығымен ерекшеленеді. Сол себепті саланың дамуына әйелдердің қосып жүрген үлесі де аз емес.
Сурет: Зялимхан Тулеубеков
«Бұл – біз үшін ұмытылмас сәт болды»
Теміржолшы мамандығы – үздіксіз сапарды қажет ететін күрделі сала. Ұзақ жол, отбасынан жырақта жүру, күтпеген жағдайларға тап болу деген секілді қызметтің қиын тұстары бар. Бірақ артықшылықтары да баршылық, ол – жаңа адамдармен танысу, түрлі өңірді көру, өмірлік тәжірибе жинау.
Осы орайда Мақпал еңбек жолында есте қалған оқиғалардың бірімен бөлісе кетті.
2022 жылы «Алматы – Орал» бағыты бойынша қатынайтын пойызда бір әйелдің толғағы басталды. Біз тек алғашқы медициналық көмек көрсетуді білеміз, ал босандыру – мүлде бөлек жағдай. Бағымызға орай пойызда Лунара есімді дәрігер болып, сол кісі әйелді босандырып алды. Бұл біз үшін үлкен сынақ әрі ұмытылмас сәт болды, – деп еске алады ол.
Теміржол саласының болашағы
Мақпалдың сөзінше, теміржол компаниясы мүгедектігі бар жандарға арнайы жағдай жасауды басты назарда ұстайды. Арнайы купелерде дәретхана, қол жуатын орын бар. Сондай-ақ билетке жеңілдік қарастырылған. Қасында еріп жүретін адамы болмаса, жолсеріктер жолаушыға көмектеседі.
Суреттер: Зялимхан Тулеубеков
Жолаушылардың өтініштері әртүрлі: орын жайлылығы, ақпараттың уақтылы берілуі, қызмет сапасы. Ал кей шағымдар көбіне ұсақ-түйекке байланысты да айтылады.
Пойыз басшысы 19 жыл ішінде теміржолдағы айтарлықтай өзгерістердің куәсі болды.
Қызмет көрсету сапасы артты, пойыздар жаңарды, цифрландыру енгізілді. Бұл жолаушыларға әрі қызметкерлерге жеңілдік әкелді, – дейді ол.
Оның ойынша, Қазақстан теміржолының болашағы зор. Халықаралық бағыттар кеңейіп, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы үздіксіз артып келеді.
«Ана болуды армандаймын»
Мақпалдың арманы тек кәсіби деңгеймен шектелмейді. Ол өмірде де, отбасында да өз орнын тапқысы келеді.
Сурет: Зялимхан Тулеубеков
Шаңырақ көтеріп, ана болуды армандаймын. Балаларымды елге пайдалы азамат етіп тәрбиелегім келеді. Ал кәсіби тұрғыда – теміржол саласының дамуына үлес қосып, жас мамандарды тәрбиелеуді мақсат етемін, – дейді ол.
Бос уақытын кітап оқуға, табиғат аясында серуендеуге, отбасы мен достарымен уақыт өткізуге арнайды.