Шахтаның қоңыр салқын таңы Әділхан Сейітжанов үшін әдеттегі жұмыс күнінің бастауы. Дөң тау-кен байыту комбинатының «Молодежная» шахтасында 40 жылға жуық тер төккен кенші – отбасындағы жалғыз шахтер. El.kz интернет порталының тілшісі шахтердің сан қырлы еңбек жолына тоқталды.
Зейнетке шығуына бір жыл қалса да, бүгінде өзінің тәжірибесін жастарға үйретіп жүр. Қырық жылға жуық еңбек еткен кейіпкеріміз әр жұмыс күніне ризашылықпен оянады.
Алып денелі, аққұба өңді, сақалы сарғыш тартқан, ойлы, жанарын маңайына бір төңкеріп қараған егде шахтердің бүкіл болмысы осы шахтаға арналып жаралғандай. Оның байсалды мінезі де өзіне жарасып-ақ тұр. Қазір еңсесін тіктеп, жас кеншілердің алғашқы мектебіне айналған «Молодежная» шахтасының алғашқы кезеңі шахтердің әлі күнге дейін есінде.
Көбісі шахтердің еңбек жолы жер астына сүңгіген клеттен басталады деп ойлайды. Бірақ Дөң тау-кен байыту комбинаты алғаш құрылған 44 жыл бойы ашық әдіспен кен өндіріп келеді. Әділхан Сейітжанов – осы әдісті жалғастырған алғашқы буыннан кейінгі кеншілердің бірі. Биіктіктен көз тастасаң, бір нүктеге апарар ұзын-сонар жолдан құралған «Мирный» карьеріне жарушы болып жұмысқа орналасады.
сурет: Дөң тау-кен байыту комбинатынан ұсынылды
Негізгі мамандығым – электргазбендәнекерлеуші. Қаладан оқып келіп, шаңырақ көтерген соң, жүрек қалауымен Дөң комбинатына келдім. Сегіз ағайындының ішіндегі жалғыз шахтермін. Алдымен энергия цехында дәнекерлеуші болдым. Кейін шахтаға ауысып, 200 метр тереңдікте жарушы қызметін атқардым, – дейді кейіпкер.
Шахтердің айтуынша, ол кезде ең тереңі «Мирный» болатын. Ал қазір 1200 метрге дейін тереңдейтін шахта барын айтады. Осының өзі кәсіпорынның қаншалықты өркендеп жатқанын көрсетеді деп отыр.
Кейін ұңғылаушы болып ауыстым. Шахтада бұл кәсіптер бір-бірімен тығыз байланысты. Ұзақ жылдан соң қайтадан жарушылықты қолға алдым. Енді бір жылдан кейін осы жерден зейнетке шықсам деп отырмын, – дейді Әділхан Сейітжанов.
Кен жарушыны көбіне «взрывник» дейді. Шахталық кәсіптің оңайы жоқ. Ал жарушы болу үшін алдымен кеншілік тәжірибе молынан қажет. Жалпы көпшілікке жарушы мамандығын түсіндіре кетейік. Қанық қызыл түсті арнайы киімімен ерекшеленетін жарушы – горизонттардағы забой мен штректерді жарып, хром кенін бетіне шығарып беретін мамандық иесі.
Геологтар белгілеген, ұңғылаушылар бұрғылаған жерді арнайы атқыш дәрілермен 10 секундтың ішінде жару – үлкен тәуекелді талап ететін жұмыс. Жарушылар алдымен қауіпсіздік техникасын сақтап, шахтаның желдеткіш жүйесін мұқият тексеріп барып іске кіріседі.
Жарылған жерді тазалап-жинау, тіреуіштер орнату тағы да ұңғылаушылардың еншісіне өтеді. Бір ауысымда жарушылар шамамен төрт забойды жарып кетеді. Олар әртүрлі горизонтта орналасуы мүмкін. Осылайша хром кені бірнеше маманның маңдай терімен жер бетіне шығады.
Бұрын басшыларымыз «Жарушы бір-ақ рет қателеседі» деп айтатын. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Жарушы өз ісін өте сауатты орындауы қажет. Өйткені онда бір ғана адамның емес, бүкіл ұжымның өмірі тұр. Бұл қызметке еңбек өтілі жеткілікті, жауапты адамдар ғана тартылады. Мен жастайымнан мықты тәлімгерлердің қасында жүріп жарушы атандым. Ал шахтаның жөні мүлде бөлек, – дейді Әділхан Сейітжанов.
Шахтердің сөзінше, шахта – қорқынышты ұмытатын жер. Жерасты тәртібіне үйренген жұмысшы уақыт өте қауіпсіздік ережелеріне мән беруді азайтатынын айтады.
Маған ештеңе болмайды, каска қажет емес немесе мына жерден секіріп өтемін деп ойлауы мүмкін. Бірақ оның артында өмірі мен отбасы тұрғанын түсіне бермейді. Мейлі 10 ай, мейлі 10 жыл істесін, әр күн сайын қауіпсіздік талаптарын алғаш рет жұмысқа кіріскен адамдай мұқият орындаса, апатсыз, жарақатсыз еңбек етуге болады, – дейді ол.
Бүгінде 60-тан асқан Әділхан Ғайыпұлының ұжымына деген құрметі ерекше. Хромтаудың әр көшесі, шахтаға апарар жолдар оның жастық шағынан сыр шертіп тұратынын айтады.
Жұмысты аяқтап, жігіттермен отырып ішетін шайдың дәмі ерекше. Жай ғана шай ішу емес, жұмысты талқылап, келесі күнге жоспар жасаймыз. Тіпті басында ісі, ішінде мұңы бар әріптес інілерімнің де сөзін тыңдап, бір-бірімізге қолдау білдіреміз. Мұндай дәстүр мен жұмысқа тұрған 90-шы жылдардан бері қалыптасқан. Қазір өзімнің құрдастарым сиреді, – дейді кейіпкеріміз.
Қазіргі уақытта бригадада жасы үлкені өзі екенін айтады. Сол себепті ауысыммен істейтін әріптестеріне қолдауын аямайтынын жеткізді.
Өткен күндерді, қатар жүрген әріптестерімді жиі сағынамын. Өмір осылай өзінің ағысымен өтіп жатыр, – дейді.
Әділхан Сейітжанов бір кездері ғарышкер болуды армандаған екен. Десе де, комбинат сол арманының бір парасын орындағанын айтады.
Алғашында жаңадан шаңырақ көтеріп, осында келдім. Бірнеше жылдан кейін комбинат пәтер беріп, ағайынды Жұбановтар көшесінен екі бөлмелі үйдің иесі атандым. Ұлдарым дүниеге келді, ер жетті. Қазір жер үйде тұрып жатырмыз. Немерелерімнің қызығын көріп жүрген жайым бар, – дейді шахтер.
Қырық жылын шахта түбінде өткізген Әділхан Сейітжанов – нағыз еңбектің адамы. Көмірдің қап-қара шаңы мен жердің терең қойнауында шыңдалған кенші үшін еңбек – өмір мәні. Зейнетке шыққаннан кейін де ол шахтер мамандығының қадір-қасиетін ұрпаққа жеткізіп, жастарға адалдық пен табандылықтың үлгісін көрсетуді жалғастырмақ.