Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжінің оқытушысы Раушан Ахметова Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Парламент палаталарының бірлескен отырысына Түркістан қаласынан келіп қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың “Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсу – мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі” деген сөзі әрбір өндірістік салада қызмет етіп жүрген ұстаздар мен мамандардың жүрегінен шыққан ой деп білемін. Шын мәнінде, бүгінгі күнде еліміздің дамуы мен экономикасының тұрақтылығы – нақты салаларда еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандардың қолында, - деді ол.
Раушан Ахметова аспаз мамандығы бойынша арнайы пәндер оқытушысы болып қызмет атқарады.
Президент атап өткендей, жастардың өндірістен қашпай, өз мамандығы бойынша еңбек етуі – елдің дамуына қосқан үлесі. Біз ұстаздар қауымы сол мамандарды даярлаудың алдыңғы шебінде тұрмыз. Әр шәкірттің қолына берілген кәсіби дағды оның болашақтағы табысының кепілі ғана емес, мемлекетіміздің өркендеуіне қосылған үлесі, - деді маман.
Ол еңбек адамының мәртебесін көтеру тек мемлекетке жүктелген міндет емес екенін атады.
Құрметті еңбек адамының мәртебесін көтеру тек мемлекет міндеті ғана емес, әрқайсымыздың жүрегіміздегі миссия. Сол себепті Президенттің бастамасы – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып қана қоймай, жастардың болашағына бағыт-бағдар беретін үлкен тарихи қадам деп есептеймін, - деді ол.