Сенат отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер ментолықтырулар енгізу туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетерлігі, жаңа нормалар бірыңғай инновациялық кластер құруға, қайталанатын функцияларды жоюға және Astana Hub-тың табысты жобаларын кеңейтуге бағытталған.
"Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі мен "Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қорын "Астана Хаб" дербес кластерлік қорына біріктіру шеңберінде ұғымдық аппаратты сәйкестікке келтіру, сондай-ақ Қордың функцияларын және инновациялық қызметті қолдау құралдарын оңтайландыру бөлігінде түзетулер енгізіледі, - деп атап өтті сенатор Сүйіндік Алдашев.
Заңның негізгі баптары:
- халықаралық технопарк Astana Hub пен Инновациялық технологиялар паркін бірыңғай кластерлік қорға біріктіру;
- қатысушылардың мүшелік жарналары есебінен Фондтың өзін-өзі қаржыландыруын кеңейту арқылы мемлекеттік шығындарды азайту;
- мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалау және венчурлық қорларды бірлесіп қаржыландыруда конкурстық іріктеу тетігін енгізу;
- жекеменшік венчурлық инвесторларды бірлесіп қаржыландырудан шығару;
- орталықтандырылған қолдау мен рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық инновациялық жүйенің «Бірыңғай терезесін» дамыту;
- статистикалық мақсаттарға арналған дербестендірілген деректерді ұсыну бойынша байланыс операторларына жаңа талаптар қою.
Бұл заң инновациялық саланы қолдау тетіктерін шоғырландырып, экономикалық өсімге және венчурлық нарықтың дамуына серпін береді.