Киім тігу – шығармашылық пен үлкен шеберлікті талап ететін еңбек. Осы салада 25 жылдық тәжірибесі бар дизайнер әрі тігінші Жанна Есбек бүгінде ұлттық нақыштағы үлгілерден бастап, заманауи сәнді киімдерге дейін тігіп келеді. El.kz тілшісі тігін шеберханасына арнайы барып, шебермен сұхбаттасып қайтты.
Дизайнер Ресейде дүниеге келіп, бала күнін Батыс Қазақстандағы Орал қаласында өткізген. Бала кезінен тігін саласына қызыққан ол Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша білім алады.
Мектеп кезінде түрлі курстарға қатысып, тігінге ерекше қызығушылығым артты. Әуелде бұл мамандық маған жақын екенін сезбеген едім, бірақ қолыма ине-жіп алып, тіккен сайын өз орнымды тапқанымды түсіндім, – дейді ол.
Жаннаның еңбек жолы ерте басталды. Университетпен қатар ол Оралдағы тігін фабрикасында жұмыс істеді.
Мен барлығын басынан бастап үйренгім келді. Жай ғана теория емес, нақты тәжірибе жинауды мақсат еттім. Фабрикада жылдамдыққа, түзу тігіске, нақтылыққа машықтандым. Жеті жыл бойы фабрикада еңбек етіп, үш жылда үлкен тәжірибе жинадым, – дейді ол.
Кейін дизайнерлік студияда да жұмыс істеп, шығармашылық қабілетін шыңдады.
Жанна 2011 жылдың соңында елордаға көшіп келді. Арманы – жеке тігін ательесін ашу еді.
Астанаға келу – бала кезден бергі арманым. 2012 жылы Аллаға шүкір, сол арманға жеттім. Бар болғаны бір тігін машинасымен кішкентай ательемді аштым. Бастапқыда бәрін жалғыз істедім, – деп еске алады дизайнер.
Жанна алғашқы кезде ательемен қатар өнер мектебінде сабақ берді, театрларда да костюмдер тіккен.
Әрдайым бірнеше жұмысты қатар алып жүрдім. Себебі білім де, тәжірибе де, шығармашылық орта да маған өте қызық еді, – дейді ол.
Осы орайда ол ательесінің атауына да ерекше тоқталды. Алғашында жай ғана «ателье» деп аталса, кейін туысының кеңесімен «Еспек» деген есім берілген.
Күйеу балам «Сіздің фамилияңыз әдемі, сонымен атасаңызшы» деді. Содан бастап «Еспек» студиясы дүниеге келді, – дейді Жанна.
Алғашқы жылдары жұмысты жалғыз жүргізген ол уақыт өте команда жасақтай бастады. Бүгінде студиясында тәжірибелі мамандар еңбек етеді.
Мен үшін жауапкершілігі жоғары, ісіне адал мамандар маңызды. Қазір сондай команда жиналды, – дейді ол.
Жанна Есбек сәнді сұлулықпен, шығармашылықпен байланыстырады.
Сән дегеніміз – әдемілікті көру. Әдемі киінген адамды көргенде ләззат аласың. Тіпті жай аспанға қарағанда да әдемілікті байқайсың. Сән – бұл шығармашылық шексіздігі, – дейді тігінші.
Жанна соңғы жылдары ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс артқанын айтады.
Қазір әр дизайнер қазақы элементтерді қолданады. Шетелге шыққанда да адамдар міндетті түрде оюлы орамал, камзол немесе әшекейлерді ала жүреді. Бұл – ұлттық ерекшелігімізді танытудың бір жолы, – дейді ол.
Тігіншілік – жауапкершілігі мол әрі қиын мамандық. Дегенмен Жанна үшін ол – өмірінің мәні.
Әр күнім ерекше өтеді. Тұтынушымен жұмыс істеу психологтың жұмысына ұқсайды. Біз әр адамның қалауына, мінезіне үңілеміз. Кейде келісімге келу қиын болады, бірақ ең бастысы – тұтынушының риза болуы, – дейді дизайнер.
Дизайнер тұтынушыларына киім тіккенде әрқайсының мінез-құлқын, ішкі жан дүниесін сезінуге тырысады.
Әр тұтынушының мінезі бар. Сол мінезін, болмысын киім арқылы көрсетуге тырысамын. Артықшылықтарына басымдық беріп, кемшіл тұстарын жасырамын, – дейді ол.
Қиын сәттерде де сүйікті ісіне деген махаббаты оны алға жетелейді.
Басында тәжірибем аз кезде «неге осы мамандықты таңдадым?» деген ойлар болды. Бірақ уақыт өте келе бәрі орнына түсті. Қазір бұл – менің өмірімнің мәні, – дейді Жанна.
Жас тігіншілерге айтар кеңесі – шыдамдылық пен еңбекқорлық.
Бұл салада табысқа жету – тек адамның ізденісіне байланысты. Көп оқып, көп еңбектену керек. Талпынысы бар адам міндетті түрде жетістікке жетеді, – дейді Жанна Есбек.
Дизайнердің арманы – үлкен тігін фабрикасын ашып, онда елуге жуық адамды жұмыспен қамту.
Бұл – үлкен мақсат. Қай жерде, қалай жүзеге асатынын бір Алла біледі. Бірақ арманыма жетуге тырысамын, – дейді ол.Сонымен бірге жаңа ательелер ашып, сән әлемінде қазақтың қолтаңбасын кеңінен танытуды жоспарлап отыр.