Қазақстанның даму қарқыны мен заманауи бейнесін айшықтап тұрған еңбектің бірі – құрылыс. Биік ғимараттар, жайлы мектептер мен ауруханалар, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар – бәрі де құрылысшылардың маңдай тері мен табанды еңбегінің жемісі.
Бұл мамандық иелері үшін әр кірпіш пен әрбір құйылған бетон – елдің болашағына қалдырған із, ал аяқталған жоба – халыққа берілген сенімді қызмет. Қиындығы мол, жауапкершілігі жоғары салада жүріп, уақытпен жарысып, сапамен сыналатын мамандардың еңбегі – көрінбесе де, күн сайын халық игілігіне қызмет етіп тұрған нағыз ерлік.
Осы орайда біз жас та болса табандылығымен ерекшеленген, шетелде тәжірибе жинап, елде ірі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүрген жас құрылысшы Мансұрбек Қамаладдиновпен сұхбаттасқан едік.
Мен үшін құрылыс - жай ғана мамандық емес, ол - болашаққа қалатын із, өз қолыңмен бір нәрсе тұрғызып, елге қызмет ету. Бала кезімнен сызбалар мен әртүрлі ғимараттарға қызығып, олардың құрылымына таңғалатынмын. Сол қызығушылығым мені осы салаға жетеледі, – дейді жас құрылысшы Мансұрбек Қамаладдинов.
Оның айтуынша, кәсіби өміріндегі ең үлкен жетістігі – Мәскеуде еңбек ету мүмкіндігіне ие болғаны. Түрік компаниясының құрамында екі жыл жұмыс істеп, ол құрылыс саласындағы жаңа технологияларды меңгеріп, заманауи әдістерді үйренген.
Шетелдік жұмыс тәртібі мен тәжірибесі мені кәсіби тұрғыдан шыңдады. Әрине, өз орныңды дәлелдеу оңай емес еді. Бірақ алған білімім мен табандылығымның арқасында сенімге ие болдым. Бұл – менің өмірімдегі үлкен мектеп болды, – дейді ол.
Мансұрбек Мәскеудегі алғашқы жұмыс күнін де айрықша есіне алады:
Құрылыс алаңына алғаш аяқ басқанда өзімді үлкен механизмнің кішкентай тетігіндей сезіндім. Қорқыныш та болды, алайда үйренуге деген ынта мен қызығушылық бәрінен басым түсті, – деп еске алады жас маман.
Оның айтуынша, бұл саланың ең үлкен қызығы – жобаның соңында өз қолымен тұрғызған нысанды көру, еңбегінің нәтижесін сезіну.
Еңбектің жемісін көру – нағыз қуаныш. Ал ең қиыны – ауа райының қолайсыздығы мен зор жауапкершілік. Себебі құрылыс алаңында қателікке жол жоқ. Әрбір шешім мен әрбір қадам үлкен жауапкершілікті талап етеді, – дейді ол.
Жас құрылысшының айтуынша, жобадағы сызбадан ауытқу, материал таңдаудағы салғырттық немесе қауіпсіздік ережелерін елемеу – құрылысшы үшін жіберуге болмайтын ең үлкен қателік. Себебі мұндай қателік тек қаржылық шығынға емес, ең алдымен адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Қауіпсіздік – құрылысшының ең сенімді серігі. Құрылыс алаңында қауіпті жағдайлар аз кездеспейді. Мысалы, құрылыс техникасына тым жақын жерде жұмыс істеуге тура келген кездерім болды. Ол сәттер шынымен қауіпті еді. Бірақ барлық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау мені талай қиындықтан қорғады. Сол үшін әр маман бұл қағиданы ешқашан естен шығармауы тиіс. Құрылыс алаңындағы әр күн нақты жоспардан басталады. Таңертең жоспарлау жиналысы өтеді. Кейін әрқайсымыз өз міндетімізді алып, жұмысқа кірісеміз. Күннің әр сағаты нақты тапсырмаларға бөлініп, тәртіппен жүзеге асады. Ал кешке қарай орындалған жұмыстар тексеріліп, келесі күнге дайындық жасалады, – дейді Мансұрбек.
Ол үшін басты мотивация – аяқталған нысанды көру ғана емес, халыққа тигізген пайдасын сезіну.
Әр жоба – тек ғимарат емес, ол адамдарға жасалған қызмет. Сол үшін аяқталған нысанды ел игілігіне беріп, өзімнің сенімділігімді арттыра түсемін. Әр күн мен үшін жаңа мүмкіндік, – дейді ол.
Құрылыс саласында аса жауапты кезеңдердің бірі – негіз қалау мен бетон құю. Себебі ғимараттың беріктігі, ұзақ уақытқа шыдамдылығы тікелей осы сәтке байланысты.
Құрылысшы үшін бұл – сын сәт. Қандай жағдай болса да, дәл осы процесте қателікке жол бермеу керек. Қазір жаңа технологиялар біздің жұмысымызды айтарлықтай жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Жобалау, өлшеу, бақылау – барлығы автоматтандырылған жүйеге көшуде. Бұл – сапаның ғана емес, қауіпсіздіктің де кепілі, – дейді Мансұрбек Қамаладдинов.
Оның айтуынша, бұрын еңбек күші мен қол еңбегі басым болса, бүгінде техника мен технология алдыңғы орынға шыққан. Бұл өнімділікті бірнеше есе арттырды. Дегенмен, ол үнемі жаңа білім алып, кәсіби тұрғыда дамуды талап етеді.
Біріншіден, мамандардың білімін тұрақты жетілдіру маңызды. Екіншіден, сапалы материалды пайдалану мен құрылыс нормаларын қатаң сақтау қажет. Үшіншіден, бақылау жүйесін күшейту – саланың тұрақты даму кепілі, – дейді ол.
Жас маман үшін жауапкершілік, тәртіп, дәлдік пен шыдамдылық – құрылысшыға ең қажетті қасиеттер.
Құрылысшы – тек дене күші емес, ой еңбегін де қатар алып жүретін маман. Бұл сала – табандылықты талап етеді. Жаңашылдықтан қорықпай, үнемі үйренуге дайын болу керек. Еңбектің қадірін түсінетін адамға бұл жолда әрқашан мүмкіндік ашық, – дейді ол сеніммен.
Мансұрбектің еңбек жолындағы ең есте қаларлық жоба – Шымкент қаласында салынған 2000 орындық жайлы мектеп. Бұл нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан маңызды әлеуметтік жоба болды.
Жобаның мерзімі өте қысқа еді. Соңғы екі аптада объектіде мыңға жуық адам күндіз-түні тынымсыз еңбек етті. Уақыттың тығыздығына қарамастан, сапа мен мерзімді қатар ұстап, мектепті жоғары деңгейде тапсырдық. Бұл – біз үшін үлкен сынақ әрі үлкен мектеп болды. Ұйымдастыру, тиімді жұмыс істеу, командамен әрекеттесу жағынан мол тәжірибе жинадық, – дейді ол.
Жас құрылысшының айтуынша, ең әсерлі сәт – мектеп ашылған күн.
Балалардың сыныптарға қуана кіріп, таңғалып жүргендерін көру – барлық қиындықты, ұйқысыз түндер мен тынымсыз еңбекті ақтаған сәт болды. Сол кезде біз өз ісіміздің шынайы нәтижесін сезіндік. Балалардың жүзіндегі қуаныш – еңбектің ең үлкен марапаты, – деп қорытындылады ол.