logo

Еңбек адамының мәртебесін көтеру – қоғам дамуының іргетасы

10-11-2025 Image for  Еңбек адамының мәртебесін көтеру – қоғам дамуының іргетасы

Бүгінгі Қазақстан қоғамы ауысу кезеңін бастан кешіп отырған сана кеңістігі. Бір жағынан технология, цифр, жасанды интеллект. Екінші жағынан күнделікті өмірдің шынайы иелері. Жұмысшылар, құрылысшылар, дәрігерлер, ұстаздар, дәнекерлеушілер, комбайншылар. Еңбек нарығы дамып келеді, бірақ еңбек адамына деген құрмет сол даму деңгейімен ілесе алып жатыр ма? Осы сұрақ төңірегінде ой қозғап көрелік.

Еңбек нарығы жаңарып келеді

Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы дерегінше, Қазақстанда еңбекке жарамды халық саны – 9,9 миллион екен. Оның ішінде 8,9 миллионы жұмыспен қамтылған. Жұмыссыздық деңгейі – 4,8%. Бұл – ресми статистика.

Соңғы жылдары еңбек нарығында мынадай өзгерістер байқалды: IT, логистика, медицина, маркетинг, инженерия салаларына сұраныс артты. Физикалық еңбекті қажет ететін жұмыс түрлеріне қызығушылық азайып келеді, жастардың көбі офистік немесе «креатив» салаларға ұмтылып жатыр.

Жұмыс бар, бірақ ол еңбекке айналып үлгермегендей. Себебі нағыз еңбек адамы көрінбей қалады. Мемлекет жастарды жұмысшы мамандығына бейімдеуге тырысып жатыр. Дуалды білім беру, тегін кәсіптік оқыту, гранттар мен қысқа курстар – барлығы қолжетімді. Бірақ қоғамдағы “колледж – университетке түсе алмағандар үшін” деген ескі көзқарас әлі жойылған жоқ.

Ал шын мәнінде, электрик, слесарь, құрылысшы, дәнекерлеуші мамандықтарына сұраныс жоғары, табысы – кейбір кеңсе қызметкерлерінен әлдеқайда көп. Бірақ кей жастар үшін мәселе жалақыда емес секілді көрінеді.

«Жұмыс істеп жүрмін» дегеннің бәрі еңбек етіп жүр деген сөз емес. «Контент жасаймын», «жарнама сатамын», «блог жүргіземін» – бұлардың барлығы бүгінгі цифрлық дәуірдің жаңа кәсіптері. Бірақ бұл мамандықтар ұлттық экономиканың іргесін ұстап тұрған жоқ. Олар өндіріске, құрылысқа, ауыл шаруашылығына тікелей үлес қоспайды. Ең бастысы – бұл салаларда жүйелілік пен тұрақтылық жетіспейді.

Сондықтан мемлекет үшін де, ұлт үшін де тірек болар еңбек – қолмен, ақылмен, жүрекпен атқарылатын шынайы кәсіптерде.

Қарапайым жұмысшыға құрмет бар ма?

Кеңес заманында шахтер мен құрылысшының суреті газет бетінен түспейтін. Бүгінде ше? Кім бізге ауылдағы ең үздік механизаторды таныстырады? Қай арна ең үздік құрылыс бригадирін эфирге шығарады? Қай TikTok-та ұн үгіп жатқан наубайшы трендке айналған? Жауабы – белгілі. Біз еңбек адамының бейнесін ақпарат кеңістігінен ысырып тастадық.

Соңғы жылдары жақсы бастамалар бар. «Еңбек күні» – ұлттық деңгейде аталып өтуде, «Еңбек Даңқы» ордені жаңғыртылды, «100 жаңа есім» жобасында қарапайым мамандар танылып жатыр.

Бірақ бұлар марапаттап қоюмен ғана шектелсе – нәтиже бермейді. Қоғамдық сана еңбекті күнделікті өмірдің құндылығына айналдырмайынша – бұл тек науқандық деңгейде қалады.

Балаңыздан: «Өскенде кім болғың келеді?» деп сұраңыз. Слесарь болғым келеді, Дәнекерлеуші болғым келеді, Электрик болғым келеді деген жауапты есту қиын. Бірақ сіз естігіңіз келмейтін нәрсе – шындықтың айнасы.

Біз балаларға шынымен керек мамандықтарды емес, әдемі естілетін атауларды үйретіп келдік. Осыдан келіп қоғамда «еңбек – төмен табыстың жолы» деген жалған пікір қалыптасты.

Бұл — қауіпті. Өйткені кез келген табысты мемлекет жұмысшы табына сүйенеді.

Жасанды интеллект дәуірінде адам еңбегі керек пе?

Иә, жасанды интеллект адам ойының біразын алмастыра алады. Бірақ еңбек адамын алмастыра алмайды. Себебі, үйді робот салмайды, адам салады, егістікті GPT емес, агроном баптайды, адамның денесін адам ғана емдейді. Яғни адамның еңбегі – мәңгі қажет ресурс. Дәл осы сәтте жұмысшыға деген сұраныс күшейеді, егер біз осы бастан оларды тәрбиелей алсақ.

Еңбек – елдің ертеңі. Жаңа дәуір бізді өзгертеді, бірақ еңбек адамына деген құрмет өзгермеуі тиіс.

Мамандықтың аты емес, оның қоғамға әкелген пайдасы құрметке лайық.