Бүгін Қазақстанда Еңбек күні аталып өтуде. Бұл мереке халыққа қалтқысыз қызмет етіп, елдің дамуына өз үлесін қосқан еңбек адамдарына арналады. Осындай жандардың қатарында Жетісу облысы бойынша «Қазпошта» АҚ филиалы Кербұлақ аудандық пошта байланысы торабының орталық операциялық учаскесінің басшысы Бану Оңалбаева да бар. 62 жасқа толған маман зейнет жасына шықса да, кәсібіне адалдық танытып, әлі күнге дейін өз қызметін жалғастырып келеді.
Бану апай мансап жолын 1981 жылы бастаған. Мектепті тәмамдаған соң Алматыдағы арнайы оқу орнына түсіп, байланыс саласына қатысты мамандықты таңдапты. Сол кезден бастап поштамен өмірін байланыстырып, туған жерінде қызмет етуге бел буған.
Мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы колледжге оқуға түстім. Сол жерде пошта саласының қыр-сырын үйрендім. 20 жасымда Кербұлақ ауданына оралып, ең алғашқы еңбек қадамымды байланыс операторы болып бастадым. Алғашқы кезде әрине қиындықтар кездесті, бірақ жұмысым да қызық болды. Уақыт өте келе үйреніп кеттім, – дейді ол.
Жас маман ретінде байланыс операторы қызметін атқарған ол кейін түрлі бөлімдерде еңбек етіп, тәжірибесін арттыра берді. Жиырма жылға жуық уақыт ішінде әртүрлі бөлімдерде қызмет еткен. Қырық жылдан астам уақыт ішінде талай сатыдан өткен Бану Оңалбаева соңында орталық операциялық учаскенің бастығы қызметіне көтерілді.
Бастапқыда оператор болдым. Кейін бөлімдерде істедім. Қызмет барысында халықпен күнделікті жұмыс істеудің жауапкершілігі де, қызығы да мол. Басшылыққа осыдан он бес жылдай бұрын тағайындалдым. Қазір де қол астымда бірнеше оператор бар. Біз бір-бірімізді бөліп-жармай, бәріміз халыққа қызмет көрсетеміз, – дейді басшы
Пошта саласы – ел өміріндегі маңызды жүйенің бірі. Ауыл-аймақтағы тұрғындар үшін поштаның орны ерекше. Зейнетақы, жәрдемақы, түрлі төлемдер, сәлемдемелер осы мекеме арқылы таратылады. Сондықтан бұл қызметтің жүгі де жеңіл емес.
Біздің жұмыс – халықпен тікелей байланыста болу. Біреуге ұнайсың, біреуге ұнамай қаласың. Әр түрлі жағдайлар болады. Кейбір тұтынушылар ризашылығын білдіріп кетсе, кейбіреулері түсінбей ренжіп қалады. Бірақ қанша қиын болса да, халыққа түсіндіру, қызмет көрсету – біздің міндетіміз, – дейді тәжірибелі маман.
Қазіргі уақытта орталық учаскеде үш оператор қызмет етеді. Бану Оңалбаева жалақы мәселесі әлі де өзекті екенін жасырмайды.
Операторлардың еңбекақысы шамамен 120 мың теңге көлемінде. Өзім басшы болсам да, айлығым 150 мыңнан аспайды. Қанша жылдық тәжірибем бар, бірақ бізде өтілге байланысты қосымша ақы төленбейді. Жалақының төмендігі жастардың бұл салаға келгісі келмеуіне себеп болып отыр, – дейді ол.
Қызмет барысында ерекше есте қалған сәттер де жетерлік. Әсіресе ауыл халқына көрсеткен көмегі, қарт адамдардың зейнетақысын үйлеріне жеткізіп берген кездері ерекше жылы әсер қалдырады.
Пошта жұмысы оңай емес. Қыстың қақаған аязы мен жаздың ыстығында да хат тасушыларымыз ауыл-аймақты аралайды. Біз де халыққа қызмет ету барысында түрлі қиындықтарды бастан өткереміз. Бірақ ең бастысы – адал еңбек. Сол еңбектің жемісін халықтың алғысы арқылы сезінеміз, – дейді ол.
Бану Оңалбаева – тек жұмысында ғана емес, отбасында да сыйлы жан. Бір ұлы мен бір қызы бар. Қызы бөлек тұрады, ал ұлы мен келіні, төрт немересі қасында.
Балаларым ержетіп, әрқайсысы өз жолын тапты. Қазір қолымда ұлым мен келінім тұрады. Төрт немерем бар. Солардың ортасында әжелік мейірімді де көрсетіп жүрмін. Отбасы – менің ең үлкен байлығым, – дейді басшы.
Көп жылдық тәжірибесі бар маман ретінде Бану Оңалбаева жас буынға да ой салады.
Қазір жастар ең әуелі еңбектен гөрі ақшаны ойлайды. Әрине, ақша керек, бірақ шынайы еңбек етпейінше, табысқа жету қиын. Сондықтан ең алдымен жұмысты сүйіп, адал атқару қажет. Тәжірибе жинап, халықпен жұмыс жасаудан қашпау керек. Сонда ғана еңбектің жемісі болады, – дейді ол.
Еңбек күні қарсаңында басшы өзінің ақжарма тілегін де жеткізді.
Халқымыздың амандығын, заманымыздың тыныштығын тілеймін. Ең бастысы – денсаулық. Дендері сау болса, әркім еңбек етіп, өз мақсат-мұратына жетеді. Еңбектің жемісін көруге жазсын. Барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын, – дейді ол.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы №698 Жарлығымен елімізде қыркүйек айының соңғы жексенбі күні «Еңбек күні» мерекесі болып белгіленген. Биыл бұл мереке 28 қыркүйекке келіп тұр.
Сондай-ақ елімізде еңбек адамының беделін арттыру мақсатында «Еңбек ардагері» медалі мен «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары ерекшелік белгісі бекітілген.