logo

Еңбекминінде жұмысқа орналастырудың жаңа тетіктері мен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды жетілдіру мәселелері талқыланды

27-02-2026 Image for Еңбекминінде жұмысқа орналастырудың жаңа тетіктері мен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды жетілдіру мәселелері талқыланды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ведомство басшысы Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Еліміздің барлық өңірлерінен бейінді ведомстволардың, үкіметтік емес сектордың өкілдері және қоғамдық бірлестіктер басшыларының қатысуымен гибридті форматта өткен кездесу жұмыспен қамту тетіктерін түбегейлі қайта қарауға және жаңа заңнамалық нормаларды әзірлеуге арналды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі жұмыс берушілердің мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша міндетті квотаны орындауы болды. Әлеуметтік кодекстің нормаларына сәйкес жұмыскерлерінің саны елу адамнан асатын кәсіпорындар үшін 2%-дан 4%-ға дейінгі мөлшерде квота белгіленеді. Алайда өткен жылдың талдауы қолданыстағы алгоритмнің тиімсіздігін көрсетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша квота шеңберінде 8,1 мың адам жұмысқа орналастырылды, бұл жоспарланған көрсеткіштің жартысынан азын құрады. 2026 жылға арналған квота 3 мыңға жуық ұйымды қамти отырып, 13,9 мың жұмыс орны деңгейінде белгіленді. Формалды тәсілді болдырмау және ашықтықты қамтамасыз ету үшін ҚР ЕХӘҚМ квоталауға жататын кәсіпорындар тізбесін қалыптастыру процесін толығымен автоматтандыруға ниетті.

Сонымен бірге үкіметтік емес және мемлекеттік ұйымдар үшін мұндай шектеулер қолданылмайды. Министрлік елді мекеннің мәртебесіне байланысты жұмыскерлерді тартуға арналған лимиттердің икемді градациясын енгізді. Республикалық маңызы бар қалалар мен елордада бейінді ұйымдар қоғамдық жұмыстарға 10 адамға дейін, ал өңірлер мен ауылдық жерлерде – 5 адамға дейін тарта алады. Ауылдарда лимиттер ресурстарды барынша объективті бөлуге мүмкіндік беретін халықтың жалпы санына қосымша байланған. Бұл ретте барлық жұмыс берушілер үшін ынталандыру тетігі қарастырылған. Егер тартылатын жұмыскерлердің жартысын әлеуметтік осал санаттардың өкілдері, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар, ерекше балалардың ата-аналары немесе көпбалалы аналар құраса, онда жұмыс орындарының саны бойынша шекті лимит автоматты түрде 50%-ға артады.

Талқылаудың қорытынды блогы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды жақсартуға бағытталған Заң жобасының таныстырылымы болды. Құжат 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қалыптастырылды және мемлекеттің заманауи әлеуметтік-құқық қорғау моделіне тұжырымдамалық көшуін бекітеді.

«Бүгінгі таңда біз мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 86 тұжырымдамалық түзетуді қамтитын ауқымды заң жобасын әзірледік. Мен Үйлестіру кеңесінің барлық мүшелерін осы құжатты егжей-тегжейлі зерделеуге және өздерінің сындарлы ұсыныстарын енгізуге шақырамын», – деп түйіндеді Асқарбек Ертаев.